top of page

Бауырсақ

00,3.jpg

Ерте-ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Шалы бір күні кемпіріне:

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

- Кемпір, кемпір, қамбаның түбін қақсаңшы, елеуішпен елеші, қарны ашқан шалыңа, бауырсақ пісіріп берсеңші, - депті.

 

Кемпірі қалақша қолға алыпты, қамбаның түбін қағыпты, елеушпен елепті, табақшаға салыпты, екі уыс ұн болыпты.

 

Қаймаққа ұнды илепті, дөңгелектеп алыпты, ыстық майға салыпты, Бауырсақты піскен соң, атай баппен жейді деп, суытуға қойыпты.

 

Бауырсақ суып жатыпты, жатып ойға батыпты, қашайын деп осы үйден, бір ойға нақ бекіпті. Жақтаудан түсті сәкіге, сәкіден түсті еденге, табалдырықтан секіріп, жетіп барды сенекке. Сенектен сыртқа беттеді, аулаға шығып кетеді, аулаға шығып алған соң, домалап соқпақ жолменен, ұзай-ұзай кетеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жол бойымен домалап, келе жатса бауырсақ, қарсы алдынан тап келді, ұзын құлақ Қоянақ. Сонда қоян Бауырсаққа:

 

– Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін, - депті.

 

Бауырсақ оған былай дейді:

 

– Жей көрме мені, Қояным, ән айтып берем, тыңдағын, - дейді.

 

– Жарайды, ендеше, айта ғой, - дейді Қоян.

 

Менің атым – Бауырсақ,

Қызарып пістім – көңлім шат.

Қамбаның түбін қырнаған,

Елеуішпен елеген.

Қаймақпенен илеген,

Күйдірмей майға пісірген.

Атайдан да құтылдым,

Әжейден де сытылдым,

Қоян сенен құтылу,

Қиын емес – бұл маған!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осылай деп, Бауырсақ домалады, аңқау Қоян аңырып тұрып қалды.

 

Бауырсақ зыр домалап жөнеледі, зыр домалап Бауырсақ келе жатса, алдынан сұры Қасқыр кездеседі.

 

– Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін, - дейді Қасқыр.

 

– Сұры Қасқыр, мені жемеші, ән салып берем, тыңдашы, - деп Бауырсақ әндете жөнеледі.

 

Менің атым – Бауырсақ,

Қызарып пістім – көңлім шат.

Қамбаның түбін қырнаған,

Елеуішпен елеген.

Қаймақпенен илеген,

Күйдірмей майға пісірген.

Атайдан да құтылдым,

Әжейден де сытылдым,

Қояннан да құтылдым,

Қасқыр сенен сытылу,

Қиын емес – бұл маған!

 

Бауырсақ ары қарай домалады, аңырып Сұры қасқыр жолда қалды .

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Домалап Бауырсақ тағы жөнеледі, алдынан Аю сонда кез келеді:

 

– Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін, - депті Аю.

 

– Жей көрме, Аю атайым, тыңдашы саған айтайын, - деп Бауырсақ әнін бастайды:

 

Менің атым – Бауырсақ,

Қызарып пістім – көңлім шат.

Қамбаның түбін қырнаған,

Елеуішпен елеген.

Қаймақпенен илеген,

Күйдірмей майға пісірген.

Атайдан да құтылдым,

Әжейден де сытылдым,

Қояннан да құтылдым,

Қасқырдан да құтылдым,

Аю сенен сытылу,

Қиын емес – бұл маған!

 

Осылай деп, Бауырсақ домалады, аңырып Аю маймақ жолда қалды.

 

Бауырсақ домалаумен келе жатты, осылай талай-талай белден асты, домалап жол үстінде келе жатса, қу Түлкі жылмаң етіп келе қапты.

 

– Бауырсақ, домалап қайда барасың, - депті сонда Түлкі.

 

– Жол жүріп кетіп барамын, - депті Бауырсақ.

 

– Бауырсақ, Бауырсақ, мен сені жеп қоям! - депті Түлкі,

 

– Жемеші, Түлкі, ән салып берем мен саған! – депті Бауырсақ.

 

Бауырсақ сонда:

 

Менің атым – Бауырсақ,

Қызарып пістім – көңлім шат.

Қамбаның түбін қырнаған,

Елеуішпен елеген.

Қаймақпенен илеген,

Күйдірмей майға пісірген.

Атайдан да құтылдым,

Әжейден де сытылдым,

Қояннан да құтылдым,

Қасқырдан да құтылдым,

Аюдан да сытылдым,

Түлкі сенен құтылу,

Қиын емес – бұл маған!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

– Әнің жақсы-ақ, Бауырсақ, нашар еді бұл құлақ, тұмсығыма шығып ап, айтып берші қайталап, дауыстап бір қаттырақ, - депті сонда Қу Түлкі.

 

Мақтағанға мәз болды, тұмсығында Түлкінің, Бауырсақ солай ән салды.

 

Сонда Түлкі:

 

– Тамаша екен үнің де, тағы бір рет айтшы тыңдайын, отырып алып тілімде! – депті.

 

Бауырсақ Түлкінің ойын түсінбеді, ойланбастан тіліне секіреді, «Ап!», - дегенде Бауырсақ қу Түлкінің, Азуында әп сәтте күтірледі. Мақтаншақтық – жақсы емес ей, балалар, - деген оймен бітірдік ертегіні.

0,4.jpg
0,5.jpg
0,6.jpg
000000.jpeg
00,3.jpg
bottom of page